Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Формулярлық комиссиясы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің консультациялық-кеңесші органы болып табылады. Формулярлық комиссия өзіне жүктелген міндеттері мен функцияларға сәйкес ұсыныстарды әзірлейді және Министрліктің қарауына ұсынады.

Формулярлық комиссияның негізгі міндеттері:

  1. халықты және денсаулық сақтау ұйымдарын қауіпсіз, тиімді, сапалы және қолжетімді дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және медициналық техникамен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
  2. ДЗ және ММБ сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
  3. Дәрілік заттарды және формулярлық жүйені оңтайлы пайдалану арқылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қолдау және жетілдіру болып табылады.

 Формулярлық комиссияның негізгі функциялары:

  1. облыстардың және денсаулық сақтау ұйымдарының формулярлық комиссияларының қызметін үйлестіру;
  2. фармакотерапия кезінде дәлелді медицинаны енгізуге жәрдемдесу;
  3. Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды әзірлеуге, келісуге және тұрақты қайта қарауға қатысу;
  4. дәрілік заттарды ұтымды пайдалану бойынша дәрігерлерге арналған ұлттық анықтамалықты әзірлеуге және келісуге қатысу;
  5. Қазақстан Республикасында пайдалану үшін әзірленген клиникалық нұсқауларды, диагностика және емдеу хаттамаларын, емдеу стандарттарын қарау;
  6. дәрілік заттарды ұтымды қолдану жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;
  7. дәрілік заттарды пайдалануды бағалау бағдарламасын енгізуге жәрдемдесу;
  8. тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізімдерін келісу;
  9. дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша ұсынымдарды қарау және келісу;
  10. дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Еуропа одағының өлшемшарттарын ескере отырып, дәрілік заттарды этикалық алға ілгерілетуге жәрдемдесу;
  11. дәрілік заттардың өзара әрекеті мен жанама әсерлері туралы деректерді, фармакологиялық-экономикалық және фармакологиялық-эпидемиологиялық зерттеу нәтижелерін бағалау;
  12. халықаралық тәжірибенің, әртүрлі аурулардың фармакотерапиясы бойынша ұлттық стандарттардың талдауларын қарау, клиникалық және экономикалық тиімділігінің ғылыми дәлелдерін зерделеу;
  13. Қазақстан Республикасының халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің нысаналы бағдарламаларын әзірлеуге және келісуге қатысу;
  14. денсаулық сақтау саласындағы жаңа технологияларды пайдалану, соның ішінде дәрілік заттарды қолдану жөніндегі ұсыныстарды қарау және енгізу;
  15. дәрілік заттарды, дәлелді медицинаны ұтымды пайдалану бойынша оқытуға қатысу;
  16. облыстардың және денсаулық сақтау ұйымдарының формулярлық комиссиясына консультациялық және әдістемелік көмек көрсету;
  17. тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағаларын келісу болып табылады.